АҚШ федералды апеляциялық соты 2013 жылғы Бостон марафонындағы жарылыс үшін сотталған Джохар Царнаевты өлім жазасына кесу туралы үкімді жойды.
31 шілде күні АҚШ-тағы бірінші округтің апелляциялық соты Джохар Царнаевтың үкіміндегі барлық дерлік айыпты күшінде қалдырды, бірақ жазаның қандай болатынын қайта анықтау үшін істі округ судьясына жолдады.
2013 жылы 15 сәуірдегі марафон кезінде Царнаев ағасымен бірге мәре сызығының маңында жарылыс жасап, үш адамды өлтірген, 260-тан астам адамды жарақаттаған. Джохар Царнаевтың ағасы Тамерлан төрт күннен кейін полициямен атыста қаза тапқан. Ал Джохар Царнаевтың өзі екі жылдан кейін 2015 жылы өлім жазасына кесілген.
Ол қолдан жасалған екі жарылғыш затын орнатты, полиция қызметкерін өлтірді деген айыптар бойынша кінәлі деп табылды. Үкім шығарылар кезде Царнаев тағылған айыптарды мойындады.
Апеляциялық шағымды қараған судьялардың үшеуі де өлім жазасына кесу туралы үкімнің жойылу керек деді. Бірақ судья Роджер Томпсон Царнаевтың "өмір бойы түрмеде отыратынын, мәселе оның өлім жазасына кесілу-кесілмеуінде" екенін айтты.
Бостандағы жарылыс үшін айыпталғандардың қатарында қазақстандық студенттер де болған. Царнаевпен Дартмут университетінде бірге оқыған Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов "Царнаевтың жарылысқа қатысы бар екенін дәлелдейтін айғақтарды жоюға тырысты" деп айыпталып, біріншісі алты жылға, екіншісі үш жарым жылға сотталған. 2016 жылдың жазында Азамат Тәжаяқов жазасын өтеп Қазақстанға оралды. Диас Қадырбаев 2018 жылы мерзімінен бұрын босатылып, Қазақстанға депортацияланды.