Фото ашық дереккөзден алынды
Энергетика министрі Болат Ақшолақов Екібастұздағы апаттың себептерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат порталы.
«Екібастұздағы апат – кешенді қателік. Оған станция бастығы немесе инженер ғана кінәлі деп айта алмаймын. ЖЭО-да қысымды көрсететін есептеу құралдарының метрологиясына қатысты сұрақтар болды. Меніңше, датчиктердің бұрыс көрсеткішінен кейін мамандар қысымды жоғарылатуға кіріскен. Сөйтіп, жылу желілеріндегі қысым артты, ал тозығы жеткен желі оған төтеп бере алмады. Коммуналдық қызмет шұғыл шара қабылдамады. Міне, осылардың кесірінен тұрғын үйлер жылусыз қалды. Тұрғын үйлердің жылу құбырлары мен радиаторлар зақымданды. Енді оларды толығымен ауыстыру қажет», - деді Болат Ақшолақов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, энергетика министрлігі генерация мен тікелей станцияға жауапты. Ал, жылу желілері коммуналдық қызметтің жауапкершілігінде.
Еске салсақ, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды. 28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.
Бас прокуратура Екібастұздағы апатты тергеу екі айға дейін созылатынын мәлім етті.