Фото: ашық дереккөз
Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 2025 жылы 225 қазақстандық «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды, деп хабарлайды Ult.kz.
Олардың 152-сі магистратура бағдарламалары бойынша, 16 үміткер докторантурада білім алуға жолдама алды. Ал 57 қазақстандық әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми-білім беру орталықтарында кәсіби тағылымдамадан өтеді.
Бағдарламаның салалық құрылымы мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын көрсетеді. Стипендиаттардың 69,8 пайызы жаратылыстану-техникалық бағыттарды таңдаса, 30,2 пайызы қоғамдық-гуманитарлық сала бойынша білім алады.
Сонымен қатар, тағы 182 қазақстандыққа әлемнің жетекші ғылыми және зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге стипендия тағайындалды. Бұл тағылымдамалар отандық ғылым мен өндірістің дамуына серпін беріп, заманауи білім мен озық тәжірибені елге енгізуге бағытталған.
Мемлекет басшысының Қазақстанды алдағы үш жылда цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, жасанды интеллект саласында нақты секторға бағытталған мамандарды даярлау күшейтіледі. Осыған байланысты 2026 жылы кәсіби тағылымдамалар үшін «Жасанды интеллект жүйесін пайдаланушылар» атты жаңа санат енгізіледі.
Сондай-ақ комиссия 2026 жылдан бастап магистратура, докторантура және тағылымдама аясында атом энергетикасы саласына мамандар даярлауға арналған арнайы санатты бекіту туралы шешім қабылдады.
