14 қаң, 2020 сағат 12:18

Боксшы Садриддин Ахметов қазақстандық екі студентке грант бөлді

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахметов Атырау мұнай және газ университетінің екі студентіне өз қаражаты есебінен екі грант бөлді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне бағы жанған студентке екі грант бұйырғалы тұр. Барлық университетке болашақта спортшылардың атынан грант бұйыра берсін», - деп жазды спортшы Instagram-парақшасында.

Еске салсақ, былтыр 7 желтоқсан күні Канаданың Монреаль қаласында Давид Лемье (41-4, 34 КО) мен Максим Бурсактың (35-6-2, 16 КО) бокс кеші өткен еді. Оның аясында Садриддин Ахмедов (11-0, 10 КО) те кезекті жекпе-жегін өткізді. «Солдат Q»-дың қарсыласы аргентиналық боксшы Хосе Антонио Вильялобос (12-6-2, 7 КО) болды. Он раундқа есептелген жекпе-жек жетінші раундта мерзімінен бұрын аяқталып, Ахмедов оппонентін ауыр нокаутқа жіберді.

Ал кеше қазақстандық боксшы Халықаралық бокс ұйымының (IBO) рейтингінде өз салмағында 27-ші орында тұрғаны хабарланды.