Блок-бекеттерден тамыр-таныс арқылы өту мүмкін емес. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Хабар 24 телеарнасында өткен онлайн брифингіде тілшілер блок-бекеттерден тамыр-таныс арқылы өту мүмкін деген ақпарат тарағанын, осы орайда бұл қауесет қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрады.
«Осы тектес жалған ақпараттар тараған болатын. Біз осындай жалған ақпарат таратқандарды іздеп табамыз. Бізде жеке қауіпсіздік басқармасы бар. Осындай әр мәліметті толық әрі нақты тексереміз. Жалпы, ондай фактілер жоқ, болуы да мүмкін емес деп сендіргім келеді», - деді Е. Сәденов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада карантин режімін бұзған 300-ден астам адам жауапқа тартылды.
Белгілі болғандай, блок-бекеттерде 98 адам жазаға тартылды, оның ішінде 80 адам қамалды, 14 адамға айыппұл салынды, 4 іс сотта қаралуда.
Сонымен қатар, қалада 30 автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.