Видеодан скриншот
Жуырда Eldos_kalabok атымен танылған белгілі блогер Елдос Қадырханов пен жары Таңшолпан Шотаева сәбилі болатынын жариялап, сүйінші сұрады. Бұл жұлдызды жұптың қуанышы бөлек. Өйткені Елдос пен Таңшолпан сәбилі болуды 9 жыл күткен. Осы орайда Ult.kz тілшісі болашақ ата-ананың эмоциясы мен елімізде ЭКО арқылы балалы болудың жолдарын қарастырып көрді.
Танымал жастардың қуанышы
Танымал жұпты қазақстандықтар жарыса құттықтады. Блогердің көптен күткен арманы орындалып, ұлды болмақ.
«13 жыл бұрын «бедеулік» диагноз қойылған, ол кезде Таңшолпан да жоқ. 20 жастағы жігітпін. Анамның батасы, сынбай-сынбай келіп, 24 жасымда Таңшолпанды кездестірдім. Оған үйленетіннің алдында «осындай жағдай болып тұр, денсаулығыма байланысты. Өміріміз гүл бола ма, күл бола ма білмеймін. Бірақ мен не жеймін, соны жейсің, мен не киемін, соны киесің. Қиындыққа бірге төтеп береміз десең, кеттік» деп ұсыныс жасадым. Ұсынысымды қабыл алды. Сол сәттің өткеніне де 9 жыл уақыт болыпты. Осы уақыттың ішінде 10-нан аса ота, жылау, құлдырау, кризис... Көп сәттер басымыздан өтті. Отбасылық өмірді де осымен тоқтатамыз-ау деген кезде: «Таңшолпан осы жағдай менде болған кезде, мені солай тастап кетесіз ба не?» деген кезде, бәрін ұмытатынмын. Қатты сыйлаймын, құрметтеймін, жақсы көремін. Қолдауың, мотивацияң үшін көп рақмет!», – деді Елдос Қадырханов.
Ерлі-зайыпты Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында жүктілік кезіндегі ауыр кезеңдер туралы айтты.
«Қаншама көз жас, қаншама уайым. Ота жасағаннан кейін, маған бірден эко жасады. Мен робот сияқты, зомби сияқты 24/7 жаттым ештеңе істемей. Мен де, дәрігерім Алмаз Құрманәлі де қатты үміттеніп қалдық. Мен бірден «болмаған сияқты» деп сездім. Сезгенімдей, біріншісі сәтсіз аяқталды. Алланың қалауымен, өзіңміздің дұғамызбен, тілеп келдік. Астанаға барып, екіншісін жасаттық.
Бұрын үйге «соска» алып қойғанмын. Оны не үшін алып қойғанымды білмеймін. Біреуі – қызғылт, біреуі – көк. Екінші әрекетіміз нәтижелі болып, «сосканы» жасыру арқылы жолдасыма айттым. Басында сенбей, көзге жас алып, қуандық. Кейін аналарымызға айттық.
Ойда-жоқта қан кетіп, ауруханаға түстім. Балалар алаңында үлкен шар жарылып, шошынып қалғаннан қан кету болды. Машинамен тіке клиникаға жеттік. Мен бәрі бітті деп ойладым, ол кезде 5-6 апта еді жүктілігім. Жан-жағыма қарамай жылап жатырмын, медбикелер «жылама, қан қатуді тоқтату мүмкін» деп барынша жұбатты. Ол демалыс күні еді, узисті демалысынан алдырып, қанды тоқтатып, уколдар салып, екі күн ауруханада жаттым. Бұл жағдай Таразда болғандықтан ол жерде не берсе де, Астанадағы дәрігеріме хабарласып, мақұлдаса ғана ішіп, тек өз дәрігерімнің рұқсатымен әрекет етіп жүрдім.
Бала мәселесі әйелге ғана байланысты емес қой. Тумай жатса, әйелден көреді. Келін емделіп жатыр ма, мына жақта дәрігер бар, мына жақта емші бар деп бәрін келінге жаба береді. Ондай кезде ер адам да қаралып, екі жақтан емделсе нәтиже шығады деп ойлаймын», – деді Таңшолпан Шотаева.
Мемлекеттен бір мүмкіндік
Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі
2025 жылы Қазақстанда экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) бағдарламалары жаңа серпінмен жүзеге асуда. Мемлекет тарапынан бөлінген квоталар, заманауи технологиялар және медициналық қолжетімділік көптеген отбасыға ата-ана болу арманын жақындата түсті.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (ОСМС) аясында биыл Қазақстан бойынша мыңдаған отбасы тегін ЭКО жасатуға мүмкіндік алып отыр. Бір реттік цикл шеңберінде гормоналды ынталандыру, пункция (жұмыртқа алу), ұрықтандыру және бір эмбрионды салу — барлығы мемлекет есебінен жүргізіледі.
Мысалы, Қостанай облысына бөлінген 100 квотаның бір бөлігі жыл басында-ақ игеріліп қойған. Бірақ кезекте тұрғандар саны – 278 отбасы. Осындай көрініс еліміздің өзге өңірлерінде де байқалады. Квота алу үшін арнайы медициналық комиссияның қорытындысы қажет. Сонымен қатар, әйелдің жасы 40-тан аспауы керек. Ерекше жағдайларда – овариалдық қоры жоғары әйелдерге 42–45 жасқа дейін рұқсат берілуі мүмкін.
Баға мен балама жолдар
Жеке клиникаларда ЭКО-ның толық циклі шамамен 2 500–5 000 АҚШ долларын құрайды. Бұл сомаға кеңес беру, гормоналды терапия, ұрықтандыру және эмбрион салу кіреді. Қосымша зерттеулерге 300–800 доллар көлемінде қаражат қажет.
Көптеген ата-аналар жеке клиникаларды уақытты үнемдеу үшін және технологиялық мүмкіндіктерге байланысты таңдайды. Себебі мұнда жас шектеуі жұмсақ, сонымен қатар озық әдістер кеңінен қолданылады.
Қазақстанда ЭКО сәттілігінің орташа көрсеткіші — 30% шамасында. Жеке клиникаларда бұл көрсеткіш 50%-дан жоғары болуы мүмкін. Жаңа технологиялар, атап айтқанда time-lapse арқылы эмбриондарды үздіксіз бақылау, жасанды интеллект көмегімен сапалы ұрық таңдау және генетикалық скрининг секілді әдістер бұл көрсеткішті арттыруға әсер етуде.
Технология мен үміт
2025 жылы әлемдік репродуктивті медицинада AI (жасанды интеллект) технологиялары белсенді енгізіліп жатыр. Мысалы, АҚШ пен Еуропада сперматозоидты іріктеуде STAR және SpermGuide тәрізді микрофлюидті жүйелер қолданыла бастады. Бұл — сапалы ұрық таңдауға, генетикалық ауытқуы жоқ эмбриондарды анықтауға мүмкіндік береді.
Қазақстандық клиникалар да бұл үрдістен тыс қалып отырған жоқ. Ірі медициналық орталықтар генетикалық талдау, эмбрионды криоконсервациялау және жеке эмбрионды бақылау технологияларын ұсынуда.
ЭКО бүгінде медициналық қызмет қана емес, әлеуметтік қолдаудың бір түріне айналды. Мемлекет тарапынан бөлінетін квоталар – бала сүюге үміттенетін отбасылар үшін үлкен мүмкіндік. Алайда бұл мүмкіндік шектеулі. Сондықтан мамандар уақыт жоғалтпай, ертерек тексеріліп, дұрыс клиниканы таңдауға кеңес береді.
Ақбота Мұсабекқызы
