01 нау, 2023 сағат 13:43

БҚО-дағы тікұшақ апатына себеп болуы мүмкін нұсқалардың бірі айтылды

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар министрлігі басшысының орынбасары Мереке Пішембаев Батыс Қазақстан облысындағы тікұшақ апатына себеп болуы мүмкін нұсқалардың бірін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz сайты.

Оның айтуынша, тікұшақтың техникалық жағдайына еш күмән жоқ.

"Қазавиақұтқару" тікұшағының апатқа ұшырауына қатысты айтар болсам, тікұшақ жаңа, жұмыс істегеніне бір жыл ғана болды, сондықтан оның техникалық жағдайы жақсы болғанына еш күмән жоқ. Авиация әкімшілігі, "Қазавиақұтқару" АҚ қызметкерлерінің қатысуымен комиссия құрылды, тергеу жүргізіліп жатыр. Нұсқалардың бірі - бұл ауа райы жағдайларына байланысты болуы мүмкін. Әлі нақты айта алмаймын. Нәтижесін комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін ұсынатын боламыз", - деді Пішембаев Сенат отырысы кулуарында.

Еске салайық, Айта кетейік, 23 ақпанда сағат 15:50-де Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Чапурино елдімекенінен 6 шақырым жерде "Қазавиақұтқару" АҚ-тың 2021 жылы шығарылған Ми-8 АМТ тікұшағы жерге қатты екпінмен қонған. Бортта 6 адам - 5 экипаж мүшесі және «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 1 өкілі болған. Оқиға салдарынан 4 адам қаза тауып, 2 адам зардап шекті.

МИ-8 АМТ Атырау - Орал - Атырау бағытымен "Қазтрансойл" АҚ тапсырысы бойынша мұнай құбырын тексерген.