28 ақп, 2023 сағат 13:36

БҚО-да апатқа ұшыраған тікұшақтың техникалық ақауы болмаған – министр

Фото: ҚР ТЖМ

Батыс Қазақстанда апатқа ұшыраған тікұшақтың техникалық ақауы болған жоқ. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан порталы.

Оның айтуынша, қазір комиссия жұмысын жалғастыруда.

"Алдын ала мәлімет бойынша тікұшақтың техникалық ақауы болмаған, экипаж – кәсіби. Ұшқыштың ұшу уақыты 2 600 сағаттан асады, екінші ұшқышта – 4 мың сағатқа жуық. Сондықтан олардың кәсіби деңгейіне еш күмәндануға болмайды", - деді Ильин Үкімет кулуарында.

Министр тікұшақтың неден құлағаны комиссияның қорытындысынан кейін ғана белгілі болатынын айтты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, кез келген тексеріс үш айдан алты айға дейін созылады.

"Екі бағытта жұмыс істеп жатыр. Біріншісі – адамдардың қаза табуына байланысты Ішкі істер министрлігі өз тарапынан қылмыстық іс қозғады. Ал біздің министрлік тарапынан соның себебін анықтау бойынша тиісті комиссия жұмыс істеп жатыр", - деді ол Үкіметте журналистердің сұрағына жауап беріп.

Еске салсақ, қайғылы оқиға 23 ақпан түсте болды. Батыс Қазақстан облысында "Қазавиақұтқарудың" Ми-8 АМТ тікұшағы апатты жағдайда қонды. Салдарынан экипаждың төрт мүшесі қаза тапты. Тағы екі адам – Қазавиақұтқару инженері мен "ҚазТрансОйл" АҚ желілік құбыржолшысы ауруханаға түсті. Тергеу басталды.

Сонымен қатар тікұшақ апатынан кейін Қазақстанда Ми-8 типті әуе кемелерін пайдаланатын барлық әуе компаниясы тексеріледі.