Батыс Қазақстан облысында 464 мың дана масканы Мәскеуге әкетіп бара жатқан жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментінен подполковник Асқар Қазбековтің мәлім еткеніндей, оқиға 17 сәуір күні «Сырым» өткізу бекетінде орын алды.
Шекарашылар Алматыдан Мәскеуге бет алған, қазақстандық азамат айдап келе жатқан «VOLVO» автокөлігін тексерген кезде кузовтың дұрыс пломбаланбағанын көрген. Жөнелтуші мекеме «КазАлтын сервис» ЖШС ілеспе құжат пен шот фактурада жүкті жалпы салмағы 12 920 кг халық тұтынатын тауарлардың 20 түрі ретінде көрсеткен.
Арнайы техникалық құралдармен тексергенде, шекарашылар түрі мен көлемі бірдей 119 қораптың құжатта көрсетілгенмен сәйкес келмейтінін аңғарды. Қораптарды ашқан кезде одан бір рет қолданылатын 464 мың дана медициналық маска шықты. Оның құны шамамен 55,932 млн теңгені құрайды.
Қазіргі кезде материалды БҚО бойынша экономикалық тергеу департаментіне беру жоспарлануда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 406 мың дана масканы Қазақстаннан Ресейге алып бара жатқан жүргізушінің ұсталғанын жазған болатынбыз.