22 сәу, 2020 сағат 11:41

БҚО-да 37 млн теңгені жымқырған «Қазпошта» бөлімшесінің басшысы сотталды

Батыс Қазақстан облысында клиенттерге тиесілі қаржыны жымқырған «Қазпошта» АҚ бөлімшесінің басшысы 7 жылға сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған қылмыстық істі БҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті аяғына дейін жеткізді.

Қазталов ауданында «Қазпошта» АҚ Жалпақтал пошта бөлімшесінің бастығы қызмет бабын пайдаланып, 37 млн астам теңгені заңсыз жымқырған. Ол «Colvir» бағдарламасы арқылы бірқатар заңды және жеке тұлғалардың қаржысын өзінің жеке карта шотына аударған. Оған қоса аталған бағдарлама жұмыс істемей қалды деген желеумен клиенттерге квитанциясын бермей, жіберілетін заттарды төлеуге арналған ақшаны да иемденген.

Қазталов аудандық №2 сотының үкімімен пошта бөлімшесінің бастығы ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол сонымен қатар мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапкершілікке байланысты қызметтер атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сапасыз мұнай өнімдерін жеткізген кәсіпорын директоры сотталғанын жазған болатынбыз.