06 сәу, 2020 сағат 19:50

БҚО блокпостында есірткіге елтіген жүргізуші ұсталды

Батыс Қазақстан облысында блокпосттардың бірінде есірткіге елтіген жүргізуші ұсталды.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға 5 сәуір күні Бәйтерек ауданы Новенький ауылы тұсындағы №8 блокпостта болды.

«ВАЗ-2121 Нива» автокөлігі жүргізушісінің құжаттарын тексеру кезінде полицейлер одан есірткі тұтынды деп күдіктенген. 

Наркологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, 30 жастағы Ш. есірткіге елтіп алғаны анықталды. 

«Осы оқиға бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 608-бабы 1-бөлігіне (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) сәйкес хаттама толтырылды. Бұл бап бойынша он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған», деді Белгібеков.