Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бизнес субъектілерін Ashyq жобасына тартуды күшейту керек екендігін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жалпы елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұған қабылданып жатқан кешенді шаралар, оның ішінде халықты вакциналау оң ықпал етуде. Бүгінде өңірлер вакцинамен толықтай қамтамасыз етілген. Республика бойынша күн сайын 68 мыңнан аса адам вакцина алып жатыр, оның ішінде бірінші компонент 44 мың», - деді Е. Тоғажанов.
Осы орайда ол өңір әкімдіктеріне тиісті тапсырмаларды беру керектігін атап өтті.
«Біріншіден, өңірлер халықты вакциналау қарқынын арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауы қажет. Бұл бағыттағы жұмысты әкімдер жеке бақылауына алуы тиіс. Екіншіден, бизнес субъектілерін Ashyq жобасына тартуды күшейту керек. Үшіншіден, «Атамекен» ҰКП-мен бірге Ashyq жобасына қосылған кәсіпкерлер арасында қабылданған талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажетк», - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Сонымен қатар ол кәсіпкерлік субъектілер тарапынан қызметін заңсыз жүргізуді болдырмау мақсатында да мониторинг топтарының жұмысын күшейтудің маңызын айтты.
