16 қар, 2021 сағат 18:55

Бізде жоғары технологиялы медициналық құрал-жабдықтың қыр-сырын білетін білікті маман тапшы - Тоқаев


Денсаулық сақтау жүйесіне қажет техникалық кадрларды даярлау ісін қолға алға жөн. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бізде жоғары технологиялы медициналық құрал-жабдықтың қыр-сырын білетін білікті маман тапшы. Бұл мәселені Ұлттық кеңестің мүшесі Тәттігүл Талаева көтерген болатын.

Денсаулық сақтау жүйесіне қажет техникалық кадрларды даярлау ісін қолға алған жөн. Мамандарды, әсіресе биоинженерлерді оқытуға медициналық техника шығаратын компанияларды барынша тарту керек.  

Медициналық құрал-жабдықтарды күтіп ұстау аса маңызды. Бұл жұмыспен кешенді түрде айналысу қажет. Үкіметке медициналық техниканы жөндеп, оның дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты қарастыруды тапсырамын. Бұл саладағы жұмыс жүйеленсе, бюджет шығыны азаяды. Денсаулық сақтау мекемелеріндегі техника бұзылып, босқа тұрмайтын болады. 

Жалпы, білім сапасы жақсарса, тұтас ұлттың бәсекеге қабілеті артады. Осы салаға салынған инвестиция болашақта еселеп қайтады. Жастардың табысқа жетуіне және ел игілігі үшін еңбек етуіне жол ашылады», - деді Мемлекет басшысы.