17 сәу, 2020 сағат 11:43

Бізде ескі авиациялық техника деген ұғым мүлде жоқ - Орманбетов

ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Нұрлан Орманбетов Қарағандыдағы әскери ұшақ апатына себеп болуы мүмкін нұсқаларды атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бізде ескі авиациялық техника деген ұғым мүлде жоқ. Себебі әскери техникалар жоспарлы түрде техникалық тексеріс пен күрделі жөндеуден, регламенттік жұмыстардан, модернизациядан өткізіліп тұрады. Қорғаныс министрлігінің әуе күштерін дамытып, жарақтандыру бойынша кешенді жоспары бар. Ол авиациялық оқиғалар қаупін барынша азайтуы тиіс. Әуе күштерін дамытып, жарақтандыру жоспары жаңа әрі бәсекеге қабілетті ұшақтармен қамтамасыз етуді де қарастырады. Авиациялық бөлімдерде жүйелі түрде әуе оқиғаларының алдын алу шаралары жүргізіледі. Аталмыш шараға авиациялық парктің жағдайы мен анализі, парктің сенімділігін арттыру үшін тиісті жұмыстардың бәрін атқару, ұшу барысында әуе техникасынан ақау шығуына жол бермеу секілді маңызды жұмыстар кіреді», - деді Нұрлан Орманбетов ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында. 

Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысының айтуынша әскери ұшқыштар жыл сайын қауіпсіздік шараларына байланысты конференцияларда бас қосады. Ол жиында ұшу сапарларының маңызды мәселелері талқыланады.

«БАҚ-та қазір ұшақ апатына байланысты әртүрлі жорамал жазылып жүр. Алайда ол болжамның бәрі дұрыс емес деп айтар едім. Қазір оның апатқа ұшырау себебін анықтау мақсатында арнайы комиссия жұмыс жүргізіп жатыр. Комиссия әуе техникасының апатына не себеп болғанын зерттеп, нұсқалардың бәрін талдап, апаттың себебін анықтайтын қорытынды шығарады», - деді ол.

Нұрлан Орманбетов әуе техникасының апатқа ұшырау жағдайына қатысты біршама нұсқаның қарастырылып отырғанын айтады.

«Оның ішінде әуе техникасынан ұшу кезінде ақау шығуы, сыртқы факторлардың ықпалы, сондай-ақ адам факторы секілді нұсқалар да зерттелуде. Аталмыш ұшақтың экипажы өте сауатты әрекет ете білді. Бәрі жайлы аяқталуы үшін дер кезінде шараларды қолға алып, авиациялық техниканы сақтап қалудың бар амалын қарастырды. Әйтсе де осындай апат орын алып отыр. Комиссияның ресми қорытындысын күтсеңіздер деп өтінеміз. Ол туралы қосымша алдағы уақытта хабарлаймыз», - деді ол.

Еске сала кетсек кеше Қарағанды облысында әскери ұшақтың апатқа ұшырағаны туралы хабарлаған едік. Құлаған ұшақтан екі сарбаз зардап шекті.