2016 жылғы 1 қыркүйекте барлық мектептерде дәстүрлі салтанатты жиын өтеді. Ағымдағы жылы ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 25-жылдығына және Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналады. Бүкіл еліміз бойынша «Мәңгілік ел» патриоттық актісі шеңберінде «Мен - өз Отанымның патриотымын» бірыңғай білім беру сабағы өткізіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" pm.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқу жылының ұзақтығы мектепалды даярлық сыныптарында 32 оқу аптасын, 1-сыныптарда – 33 оқу аптасын, 2-11 (12)-сыныптарда – 34 оқу аптасын құрайды.
Министрлік сондай-ақ оқу жылы барысындағы демалыс күндері мен оның ұзақтығын белгіледі. Оқушылардың күзгі демалысы 7 күнге созылады (2016 жылғы 31 қазаннан бастап 6 қарашаны қоса алғанға дейін), қысқы демалыс – 10 күн (2016 жылғы 30 желтоқсаннан бастап 2017 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанға дейін), көктемгі демалыс – 13 күн (2017 жылғы 21 наурыздан бастап 2 сәуірді қоса алғанға дейін).
Мектепалды сыныптарда көктемгі демалыс 15 күнге созылады (2017 жылғы 21 наурыздан бастап 4 сәуірді қоса алғанға дейін). Сондай-ақ, мектепалды даярлық сыныптарының оқушылары мен 1-сынып шәкірттеріне қосымша 7 күн (2017 жылғы 1 ақпаннан бастап 7 ақпанды қоса алғанға дейін) демалыс белгіленеді.
Жазғы демалыстың басталу күні мен ұзақтығы министрліктің 2016/2017 оқу жылының аяқталуы жөніндегі бұйрығында белгіленеді.
Биылғы жылдан бастап барлық бірінші сынып оқушылары жаңартылған бағдарлама бойынша бес күндік оқу аптасымен оқиды. Қалған сыныптар бес күндік оқу аптасына 2019 жылға дейін жаңартылған бағдарламаға көшуіне байланысты біртіндеп ауысады.