08 мау, 2023 сағат 16:14

Биыл шетелдегі ең мықты университеттер елімізден филиалын ашады - министр

Фото: elements.envato.com

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл Қазақстанда қандай шетелдік университеттер өз филиалдарын ашатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Министрдің айтуынша, биыл Қазақстанда алты шетелдік жоғары оқу орнының филиалдары ашылады.

"Биыл біз алты филиалды ашамыз. Ең жоғары көрсеткіште - Ақтөбедегі Жұбанов жоғары оқу орнының базасында орналасқан Heriot-Watt университетінің филиалы. 20-21 маусымда Германия Федералдық президенті Штайнмайер мырза келеді. Біз Ақтауға барамыз. Yessenov University базасында неміс инженерлік институтының негізі қаланып жатыр. Бұл үлкен әрі қызық жоба. Қазақстанда алғаш рет толыққанды неміс білімін алуға мүмкіндік туады", - деді Саясат Нұрбек.

Министр Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен серіктестікте жасанды интеллект мектебі ашылып жатқанын атап өтті.

"Бұл өте маңызды жоба. Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің базасында Ташкент инженер-ирригация институтының филиалы ашылып жатыр. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында Ресей университетінің филиалы ашылды. Менделеев атындағы Химиялық-технологиялық факультетінің ашылуы, бұл біздің елімізге "Қазфосфатқа" кадрлар даярлауға және жаңа ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге көмектесетін мықты химия институты. Ұлытау өңірінде, Жезқазған қаласында жаңа техникалық университет ашылады. Мұнда канадалық университеттердің консорциумымен серіктестік жоспарланып жатыр", - деді ол.

Сонымен қатар, Саясат Нұрбектің мәліметінше, биыл Қазақстанда Канада университеттері, ең мықты британдық техникалық университет, неміс университеттерінің консорциумы, Оңтүстік Кореяның үздік университеті, Өзбекстанның ең мықты ұлттық зерттеу университеті және Ресейдегі жетекші химиялық технология университеттері келеді.