06 қыр, 2022 сағат 16:08

Биыл оқуға түскен 137 бала білім грантынан айырылды


137 қазақстандық ҰБТ-дағы видеоларды тексергеннен кейін грантынан айырылды. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Достар, ҰБТ-2022 аяқталды, бірақ оның бейнежазбаларын тексеру әлі де жалғасып жатыр!

Қазіргі таңда бейнежазбаларды қайта қарау қорытындысы бойынша 153 тестіленушінің ҰБТ нәтижелері жойылды, олардың 137-сі - білім беру грантының иегерлері. Тиісті шараларды қабылдап, ереже бұзушылардың грант туралы куәліктерін жарамсыз деп таныдық. Аталған фактілер бойынша ҰТО қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексерістер жүргізіліп, жұмыстардың одан әрі жалғасуы үшін тиісті мемлекеттік органдарға хаттар жолданып жатыр.

Ғылым және жоғары білім форумында айтылғандай, Министрлік ашықтық қағидаттарын ұстана отырып, академиялық адалдықты сақтауға ерекше көңіл бөледі. Сондықтан біздің міндетіміз - талапкерлер арасында адалдық, парасаттылық және әділдік қағидаттарын қалыптастыру" - деп жазды Емелбаев.

Оның айтуынша, биыл 327 түлек тестілеуге кіргізу кезінде тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Сондай-ақ, ережелерді бұзғаны үшін тестілеу кезінде аудиториядан 322 адам шығарылған.