30 сәу, 2021 сағат 12:40

Биыл Қазақстанда оңалту қызметтері артады – Алексей Цой


Биыл Қазақстанда оңалту қызметтерінің санын 800 мыңға дейін артады. Бүгін халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде оңалту қызметін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Республикада 610 медициналық оңалту ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде мемлекеттік - 377, жеке – 233, республикалық – 7. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қорының бастамасымен 8 жаңа оңалту орталығы ашылды. Қазіргі уақытта медициналық ұйымдарда 695 мың мүмкіндігі шектеулі адам динамикалық бақылауда тұр, оның ішінде 95 мыңы – балалар», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның айтуынша, бұл адамдарға 2020 жылы 638 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесін енгізудің арқасында оңалту қызметтерін қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 1,2 есеге ұлғайды және 55,7 млрд теңгені құрады. 

«2021 жылы МӘМС жүйесіне түсетін түсімдер есебінен біз оңалту қызметтерінің санын 800 мыңға жеткізуді, сондай-ақ осы қызметтерді қаржыландыруды 62 млрд теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз», - деді Цой.