03 нау, 2020 сағат 12:15

Биыл Қазақстанда барлық әуе компаниясы тексеріледі

2020 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін тұрақты бағдарларда жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын барлық әуе компаниялары тексеріледі. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі күні «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиациялық қызмет туралы» Заңға сәйкес «Bek Air « әуе компаниясының эксплуатант сертификаты тоқтатылды. Мемлекетаралық авиация комитеті (МАК, Мәскеу қ.) әуе кемесінің өздігінен жазатын 2 борт құралындағы мәліметтерді жүктеп алды және МАК мамандары қорытынды дайындап жатыр. Әуе апатын тергеуді ІІМ жедел тергеу тобы, оның барысын қадалағауды Бас көлік прокуратурасы жүзеге асырады. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Негізгі екі нұсқа қарастырылуда. Біріншісі – әуе кемесі қанаттарына мұздың қатуы. Халықаралық мамандарды тарту арқылы бұл нұсқаны тексеру үшін ұшақты ұшуға дайындық барысында оны мұз қатуын болдырмау үшін өңдеу процедураларының бұзылуы зерделеніп жатыр. Екіншісі – әуе кемесінің техникалық ақауы және ұшқыш қателігі. Бұл нұсқа аясында штаттан тыс жағдай кезінде экипаждың әрекетіне баға беруге бағытталған тергеу амалдары жалғасуда. Тергеу қорытындысы бойынша орын алған қайғылы жайтқа қатысы бар күдікті тұлғаларға шара қабылдау туралы БАҚ-та жариялау мәселесі қабылданады», - деді Асқар Мамин.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек қызметімен байланысты қайғылы жайтты тергеу жөніндегі арнайы комиссия құрылған. Топтың тергеу қорытындысына сәйкес, жұмысшылардың кінәсі - 0, жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз деп танылған. Жұмыс берушіге қаза тапқан жұмысшылардың отбасына сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру қажеттігілі туралы сақтандыру компаниясына хабарландыру тапсырылған. Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдар тарапынан зардап шегушілерге материалдық көмек көрсету жұмыстары жүргізілді. Тұрғылықты жерлері бойынша зардап шеккен 46 жолаушыға 1 миллион теңгеге дейін, қаза тапқан 12 адамның отбасыларына 4 миллион теңгеден ақшалай көмек көрсетілген. Сонымен қатар аталған әуе компаниясының орындалмаған рейстеріне билет сатып алған жолаушылардың ақшалай қаражаттарын қайтару бойынша сотқа шағым түсірілген.

«Мұнан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін тұрақты бағдарларда жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын барлық әуе компаниялары тексерілетін болады. Толықтай алғанда, мемлекеттік органдар ұшақ апаты кезінде зардап шеккендерге материалдық және консультациялық көмек көрсету, сонымен қатар әуе компаняисының орындалмаған рейстері жолаушыларының ақша қаражаттарын қайтару бойынша жан-жақты шаралар қабылданып жатыр», - деді Премьер-Министр.

Еске салайық, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Bek Air» компаниясына жүргізілген жоспардан тыс тексеру қорытындысын жариялаған болатын.