23 сәу, 2020 сағат 15:56

Биыл қандай жолдар пайдалануға беріледі?

Биыл 2,6 шақырым жол көлік қозғалысы үшін ашылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл автомобиль жолдарының 4 мың шақырымы құрылыс жұмыстарымен қамтылады. Жыл соңына дейін автомобиль жолдарының 2,6 мың шақырымында, атап айтқанда мына жолдарда қозғалысты ашу жоспарланып отыр: «Қарағанды-Балқаш-Қапшағай» – 645 шақырым, «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» – 279 шақырым, «Талдықорған-Өскемен» - 763 шақырым, «Қалбатау-Майқапшағай» – 415 шақырым, «Меркі-Бурылбайтал» – 266 шақырым, «Үшарал – Достық» – 60 шақырым, «Ұзынағаш-Отар» – 56 шақырым, «Көкшетау-Петропавл-Қорған» – 67 шақырым, «Қостанай-Денисовка» – 60 шақырым», - деді комитет басшысы. 

Оның айтуынша, жобаларды уақытылы іске асыру үшін дайындық жұмыстары толық көлемде жүргізіліп жатыр. Техника мен құрылыс материалдары дайындалды. Автомобиль жолдары саласында қолданылатын жол-құрылыс материалдарының барлығы отандық өндіріс өнімдері. Олар: инертті материалдар, битум, цемент, темір-бетон бұйымдары, химиялық қоспалардың азғантай үлесі мен жасанды құрылымдардың жеке элементтерінен басқа металл құрылымдар. 

«Наурыз айының соңында оңтүстік өңірлерде құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кетті. Ауа райының қолайлы жағдайы орнағанда жұмыстар солтүстік өңірлерге қарай ауып, сәуір айының соңына дейін жолшылар барлық жобалар аясындағы құрылыс жұмыстарына кірісетін болады. Құрылыс алаңдарының барлығында мамандарды коронавирустан қорғауға қажетті шаралар қабылданды. Барлық қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді», - деді Сайранбек Бармақов.