Докторантураға түсушілер емтиханды Ұлттық тестілеу орталығы арқылы тапсыратын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-минис Мирас Дәуленов ведомствоның ақпарат алаңында айтты.
«Биыл докторантура бағдарламасына түсу ережесіне өзгерістер енгізілді. Оның ішінде түсу емтиханын жаңаша форматта өткізу қарастырылған.
Докторантураға өтініштерді қабылдау 3 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді. Енді докторантураға түсушілер де компьютерлік форматта тест тапсырады. Былтыр осы формат магистратураға түсушілер арасында сыналып, сәтті аяқталған болатын», - деді вице-министр.
Ол, сондай-ақ докторантураға түсушілерге қойылатын негізгі талаптарды да атады.
«Докторантураға түсушілердің санатына магистр дәрежесі бар адамдар қабылданатынын атап өткім келеді. Еңбек өтілі 9 айдан кем болмауы керек. Ал медициналық мамандықтар бойынша резидентураны аяқтаған болуы керек. Бұрын бұл мерзім бір жыл болатын. Бірақ ЖОО-лар мен түсушілердің өтініші ескеріліп, 9 айға қысқартылды. Докторантураға түсушілердің құжаттары да Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады», - деді Мирас Дәуленов.
Министр орынбасарының сөзіне қарағанда, докторантура 6 қадамнан тұрады.
«Бірінші қадам – Ұлттық тестілеу орталығында тіркелу, екінші қадам – өңірлік тестілеу орталығында емтихан тасыру. Осыдан кейін түсу емтихандарының нәтижесі жарияланады. Ал аппеляция беруге жеке сайт ұсынылады. Грант тағайындалған туралы куәлік тек электронды форматта түсушінің жеке кабинеті арқылы беріледі. Тіркелу кезінде түсуші анкетаны толтырып, бір ЖОО-ны көрсетеді. Білім беру бағдарламасының бір тобын және емтихан тапсыру орнын таңдайды. Емтиханның өту тәртібі мен орны туралы түсушіге 3 күн бұрын хабарланады. Үміткерлер компьютер алдында отырып эссе жазады. Осыдан кейін докторантурада оқуға дайындығы туралы тест тапсырады. Бұдан кейін өзі таңдаған білім беру бағдарламасы бойынша тест тапсырады», - деді вице-министр.