«Бақытты отбасы» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Биыл бұл бағдарламаға 50 млрд теңге бөлініп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осындай мәлімет айтты.
«Өткен жыл банк үшін рекордтық жыл болғанын атап өткен жөн. Бір жылдың ішінде 5 мыңнан астам қазақстандық «Отбасы банк» қолдауымен баспаналы болды. Әрбір бесінші заем «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілді. 2020 жылы еліміздің барлық аймақтарының тұрғындарына «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 10759 пәтер кілті табысталды. Осы жылдың үш айында 3727 отбасы қоныс тойын тойлады», - деді банк төрайымы.
Ләззат Ибрагимова биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша неше пәтер берілетінін де атады.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына кешеден бері біздің сайт арқылы онлайн форматта өтініш қабылдап бастадық. Биыл оған 50 млрд теңге бөлініп отыр. Біздің жоспарлы есебіміз бойынша бұл шамамен 5000 отбасы деген сөз. Тек үш санатқа ғана қатысты: көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ожанұялар және толымсыз отбасылар. Дүйсенбіден бері үйден шықпай-ақ, онлайн форматта өтінім беру мүмкіндігі ашылды. Қазірдің өзінде кезекте тұрған 19833 өтінім бағдарлама шарттарына сәйкес келеді. Жалпы 23109 өтінім түскен болатын, 3276 өтінім қабылданбады. Оның ішінде 500 өтінім үш санаттың біріне де жатпайтын адамдардан түскен. Яғни, олар кезекте тұрған жоқ. 2624 адам мемлекеттік қызметкер, бюджеттік сала мамандары, әскери қызметкерлер ретінде тіркелген. Сондықтан бұлар да аталмыш бағдарламаға сәйкес емес. 123 адам басқа санат бойынша кезекте тұр. Тіпті соғыс ардагері санатында тұрған 3 адам өтінім берген», - деді банк «Отбасы банкінің» басшысы.