15 жел, 2023 сағат 13:56

Биыл ауыл мектептерін Илон Маск интернетіне қосып үлгермейміз – Мусин

Фото: shutterstock и reutersconnect

2024 жылдың наурыз айының соңына дейін 2 мың мектеп Starlink арқылы жылдам интернетке қосылады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Біз 10 мектепті (Starlink спутниктік интернеті) қосып, оның қалай жұмыс істейтіндігін көрдік. Осы аптада 2 аптада жеткізу және оларды орнату бойынша келісімшарт жасадық. Наурыз айының соңына дейін 2 мың мектеп қосылады», - деді Бағдат Мусин ведомстводан өткен брифингте агенттік тілшісінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, интернет қосуға арналған жабдықтар елімізге әлі жеткізілмеген.

«Жыл соңына дейін үлгермейміз. Себебі жабдықтар Америкадан жеткізіледі. Қазір олар жолда келе жатыр. Жеткізілгеннен кейін кедендік тазартудан, сертификаттаудан өтеді. Содан кейін барып оларды мектептерге орнатуға жібереміз», - деді министр.

Бұған дейін Илон Макс компаниясы алдағы жарты жылдың ішінде еліміздегі шалғайда орналасқан 2 мың ауылды Интернетпен қамтамасыз ететіндігін жазған едік. 

Айта кетерлігі, бүгінде Алматы облысында «Digital Bridge-2023» пилоттық жобасы аясында Starlink спутниктік интернетіне шалғай аудандардың 8 мектебі тегін қосылған.