Биыл Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған әскери шеру өтпейді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты 2021 жылы Отан қорғаушылар мен Жеңіс күніне арналған әскери шеруді өткізу жоспарланбаған. Бұл ретте гарнизондарда санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып іс-шаралар ұйымдастырылатын болады", - делінген хабарламада.
2020 жылы да коронавирус пандемиясына байланысты Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери шеру өтпеді. Бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынған болатын. Алайда бұл күні ардагерлер назардан тыс қалмады. Оларды ел басшылығы, шенеуніктер, әскери қызметкерлер, еріктілер, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар құттықтады.
Мамыр айында елімізде үш мереке атап өтіледі. 1-3 мамыр аралығында қазақстандықтар Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай демалады. 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні, 8 мамыр - сенбі. 9 мамыр - Жеңіс күні жексенбіге сәйкес келеді, сондықтан мерекелік демалыс күні 10 мамыр, дүйсенбіге ауыстырылды.