Биыл Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмысшы жастарға 3 мыңға жуық пәтер беріледі. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Үкіметтің 2019 жылғы 30 қаңтардағы № 27 қаулысымен бекітілген Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасы аясында жыл сайын Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмысшы жастар (жас мамандар) үшін кемінде үш мың жалға берілетін пәтер салу көзделген. Айталық, екі жыл ішінде осы қалаларда жұмыс істейтін жастарға 4 354 пәтер берілді. Биылғы жылы тағы 3 мыңға жуық пәтер берілетін болады. Бұл ретте, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің бұйрығымен Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілді. Оған сәйкес жас азаматтың тұрақты жұмыс орны болуға және меншігінде жылжымайтын мүлкі болмауға тиіс», - делінген вице-премьер жауабында.
Оның атап өтуінше, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй 5 жыл мерзімге ұсынылады. Аталған жобаның негізгі мақсаты - жастарға жеке тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы жарнаны жинау бойынша жағдай жасау.
«Жалға берілетін тұрғын үй алған азамат бес жыл ішінде жеке тұрғын үй сатып алу үшін ипотека бойынша бастапқы жарна сомасын жинақтауға тиіс. Ол үшін қағидаларда табыс бойынша 40 айлық есептік көрсеткіштен (116 680 теңге) төмен емес шектеу көзделген. Аталған шекті 25 АЕК-ке (72 925 теңге) дейін төмендеткен жағдайда, өтініш берушінің 5 жыл ішінде жеке тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы жарнаға қажетті соманы жинай алмау қаупі туындауы мүмкін», -деді Ералы Тоғжанов.
