2020 жылдың басынан бастап 2,6 млн гектардан астам пайдаланылмаған жерлер ерікті түрде мемлекеттік меншікке қайтарылды. Бұл жайында сенаторлардың депутаттық сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ауыл шаруашылығының табысты жұмыс істеуі үшін әр гектар жерді пайдалану қажет. Тиімді жұмыс істейтін жер бақылау және қадағалау институтының қадағалануында болуы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мақсатты пайдалануды қалпына келтірудің ажырамас шарты болып табылады. Бүгінгі таңда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қорғау саласындағы бақылау функцияларын тиісті облыстар аудандарының жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қорғау саласындағы бақылау функцияларын одан әрі күшейту үшін АШМ жерлердің пайдаланылуын ғарыштық мониторингтеу әдісін енгізіп, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында пилоттық жобаны іске қосты. 2019 жылғы 28 қазанда Қазақстан Республикасының Жер кодексіне ғарыштық мониторингтеуді қолдана отырып, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау бөлігінде өзгерістер енгізуді көздейтін Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының № 268-VІ ҚР Заңы қабылданды. Ал ағымдағы жылдың қаңтар айында Жерді қашықтықтан зондтау деректері бойынша веб-порталда пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін анықтаудың цифрлық тетігін айқындайтын АШМ-нің 2020 жылғы 17 қаңтардағы № 7 бұйрығы қабылданды. Қазірдің өзінде аталған пилоттық өңірлерде 7,7 млн га пайдаланылмайтын жерлер анықталды», - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысының айтуынша, жер инспекторының жеке кабинеттері құрылды. Пайдаланылмайтын жерлерге автоматты түрде хабарлама қалыптастыру және оны жер пайдаланушының жеке кабинетіне жіберу көзделді. Бұл ретте жер пайдаланушылар толық зерделеу үшін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы веб-порталдағы өз жер учаскелеріне қол жеткізе алады. Бүгінгі күні әкімдіктер аталған бағыт бойынша жұмысты жалғастыруда.
«Жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша 2020 жылдың басынан бастап 2,6 млн гектардан астам пайдаланылмаған жер ерікті түрде мемлекеттік меншікке қайтарылды. Қазіргі уақытта, бұл жобаны жүргізу барысында АШМ оны одан әрі жетілдіру үшін егжей-тегжейлі талдау жүргізуде. Бұдан басқа, АШМ ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ базасында геопортал құрды. Қазіргі уақытта алты облыста жұмыстар аяқталды. Жерді қашықтықтан зондтау деректерін талдау қорытындыларында 2020 жылдың 1 жартыжылдығындағы жағдай бойынша: Ақмола облысында – 261,1 мың га, Солтүстік Қазақстан облысында – 269,8 мың га, Қарағанды облысында – 214,6 мың га, Шығыс Қазақстан облысында – 157,4 мың га, Жамбыл облысында – 59,5 мың га, Алматы облысында – 67,9 мың га пайдаланылмайтын жерлер; Ақмола облысында – 133,6 мың га, Солтүстік Қазақстан облысында – 88,7 мың га, Қарағанды облысында – 51 мың га, Шығыс Қазақстан облысында – 158 мың га, Жамбыл облысында – 53,5 мың га, Алматы облысында 99,1 мың га есепке алынбаған және бос жерлер анықталды. Осылайша, қазіргі таңда zher.gharysh.kz геосервисінде жер пайдалану мониторингінің алдын ала нәтижелері ұсынылды.
Аталған нәтижелер жұмыста пайдалану және одан әрі шаралар қабылдау үшін көрсетілген облыс әкімдіктеріне жолданды», - деді Премьер-Министр.
Оның атап өтуінше, жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 92-94 баптарына көрсетілген шаралардан кейін жүзеге асырылады. Алайда аталған шараларды мораторийге байланысты жүзеге асыру мүмкін емес.
«Дегенмен, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мәселесі АШМ-нің және жергілікті атқарушы органдардың ерекше бақылауында, аталған жерлерді мақсаты бойынша пайдалануға қатысты жер иеленушілермен және жер пайдаланушылармен түсініктеме түріндегі тиісті жұмыстар жүргізілуде», - деді Асқар Мамин.