06 қаз, 2020 сағат 15:13

Бішкекте митинг кезінде 700-ге жуық адам зардап шеккен, бір адам көз жұмған

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі Бішкекте митинг кезінде 700-ге жуық адамның зардап шеккенін хабарлады. Дәрігер көмегіне жүгінген 686 адамның 521-і алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық жағдайда емделуге жіберілген.

Түрлі дәрежеде жарақат алған 164 адам ауруханаға жатқызылған. 7 адам реанимацияда жатыр. Осыған дейін 2001 жылғы ер адамның ұлттық госпитальда ауыр жарақаттан көз жұмғаны хабарланған еді.

5 қазанда Бішкекте парламент сайлауының қорытындысымен келіспеген наразы топ митинг өткізіп, сайлау нәтижесін жоюды талап еткен.

Дүйсенбі күні кешке қарай демонстранттар Ақ үйдің оңтүстік қақпасын сындырып, ішке енуге тырысқан. Милиция арнайы құралдар қолданып, наразыларды таратпақ болды.

Бастапқыда күштік құрылымдар демонстранттарды Ақ үй мен "Ала-Тоо" алаңынан қуған. Кейбір көшелерде демонстранттар мен құқық қорғау орган өкілдері қақтығысып қалған. Жарым түнде наразылар Ақ үй, мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимаратын, қоғамдық КТРК арнасын басып алды.


6 қазанда президент Сооронбай Жээнбеков орталық сайлау комиссиясына сайлау кезінде болған заңбұзушылықтарды тексеруді тапсырып, "қажет жағдайда сайлау қорытындысын жоюды" ұсынған. Көп кешікпей орталық сайлау комиссиясының парламент сайлауының нәтижесін жойғаны белгілі болды.

Елде үйлестіру кеңесі құрылып, оған бірқатар саясаткерлер енді. "Бутун Кыргызстан" партиясының жетекшісі Адахан Мадумаров кеңес жетекшісі болып тағайындалды.