Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков бүгін, 9 қазанда Бішкек қаласының аумағында төтенше жағдай режимін енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Кабар агенттігі.
"Жаппай тәртіпсіздіктер нәтижесінде туындаған зорлық-зомбылықпен және адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірумен ұштасатын қалыптасқан жағдайға байланысты, сондай-ақ Қырғыз Республикасы Конституциясының 15-бабына, 64-бабы 9-бөлігінің 2-тармағына және «Төтенше жағдай туралы» Қырғыз Республикасы Конституциялық Заңының 3, 4, 7, 8-баптарына сәйкес азаматтардың өмірі мен денсаулығын, олардың қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ету мүддесінде, бұдан бөлек, Бішкек қаласының аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында:
Қырғыз Республикасы Бішкек қаласының аумағында 2020 жылғы 9 қазан сағат 20.00-ден 2020 жылғы 21 қазан сағат 08.00-ге дейін төтенше жағдай енгізіледі.
Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Алмазбек Қыдырбайұлы Орозалиев Бішкек қаласының төтенше жағдай кезеңіндегі коменданты болып тағайындалды.
Қырғыз Республикасы Бішкек қаласының аумағында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін комендатура құрылып, Бішкек қаласының комендатурасы туралы ереже қосымшаға сәйкес бекітілді" делінген құжатта.
Осы аралықта қалаға кіріп-шығуға шектеу қойылады, ереуіл, жиналыс, шеру, демонстрация және пикет өткізуге тыйым салынады. Кәсіпорындардың жұмыс істеу уақыты өзгереді. Адам көп жүрген жерде сақшылар жиналғандардың кұжаттарын тексереді. Құжатта бұдан да басқа шектеу шаралары жазылған.
Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін саяси дағдарыс туындаған. Парламент сайлауының нәтижесін жоюды талап еткен наразылық акцияларының соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент пен президент аппараты орналасқан "Ақ үйді" басып алды. Жемқорлық бойынша айыпталып, сотталған бірнеше саясаткер наразылар талабымен қамаудан шықты. Елде саяси күштер арасында билікке талас қызған.
Бірнеше күннен бері түрлі саяси күштер мен сарапшылар "мемлекетті құқықтық аяға әкелу" жолдарын ұсынып жатыр. Президент Сооронбай Жээнбеков 8 қазан кешке "мемлекет құқықтық аяға оралған соң президент қызметінен кетуге даярмын" деп мәлімдеген.
Жұма, 9 қазанда күндіз Бішкекте Ала-Тоо алаңында екі түрлі митинг өтті. БАҚ-тың хабарлауынша, алаңның бір жағына бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев пен экс-премьер Өмірбек Бабанов жақтастары, екінші жағына бұрынғы депутат Садыр Жапаров жақтастары жиналған.