"25 қазанда Бішкек уақыты бойынша түс кезінде Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы "Ақ-Тілек" тексеру және өткізу бекетінде 500-ге жуық жүк көлігі жиналып тұр", - деп хабарлады Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметіне сілтеме жасаған Азаттықтың Қырғыз редакциясы.
Шекара қызметінің мәліметінше, "Ақ-Жол" бекетінде жергілікті уақыт бойынша сағат 12-де 47 жеңіл көлік пен жүк көлігі жиналып қалған. Адамдар шекарадан еркін өтіп жатыр. Талас облысындағы "Чоң-Капка" бекетінде 70-тей көлік кезекте тұр. Қалған бақылау және өткізу бекеттерінде кезек байқалмайды. Қырғызстан шекара қызметі шекарадағы жағдай туралы мәліметті әр үш сағат сайын алатынын айтады.
10 қазаннан бастап Қазақстан тарабы қырғыз шекарасынан азаматтар мен көліктерді өткізу тәртібін күшейткен. Соның салдарынан Қырғызстанның Чу және Талас облыстарындағы бақылау-өткізу бекеттерінде адамдар мен автокөліктер жиналып, ұзақ уақыт кезекте тұруға мәжбүр болған. Әсіресе тез бұзылатын тағам өнімдерін таситын үлкен жүк көліктерінің жүргізушілері қатты зиян шеккен.
18 қазанда Астанада өткен келіссөздер барысында екі елдің үкімет жетекшілері келесі күннен бастап жолаушы көліктері мен жүгі бар адамдарды шекарадан өткізуді жеңілдету туралы уағдаласқан. Кейінірек Қырғызстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Толкунбек Абдыгулов делегацияның бір бөлігі келіссөздерді жалғастыру үшін Астанада қалғаны туралы хабарлаған.
25 қазанда Ереванда Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаковпен кездескен. Кейбір ақпараттарға қарағанда, тараптар келіссөзде ынтымақтастық пен жол картасы жобасын талқылаған.