01 там, 2017 сағат 12:01

Біртанов МӘМС енгізу туралы толығырақ айтып берді

ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкіметтің баспасөз орталығындағы брифинг барысында Қазақстандағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыстары туралы толығырақ айтып өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Е. Біртанов МӘМС жүйесі биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылғанын және Сақтандыру қорына аударымдар мен жарналар түсе бастағанын мәлімдеді. Бүгінгі таңда бұған жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер қатысып жатыр.

1 қаңтардан бастап жарналарды төлеуге өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар да қосылады, ал мемлекет жарна төлеуден босатылған халықтың 14 санатын, соның ішінде бірінші кезекте халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобын сақтандыратын болады. Жалдамалы жұмысшылар жүйеге 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылады. Сонымен қатар, барлық азаматтар сақтандырылғанына немесе сақтандырылмағанына қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін (ТМККК) алатын болады.  

«Қор жеткілікті түрде ауқымды, ол барлық шұғыл әрі жедел медициналық көмектен, онкология, туберкулез, психиатрия және аса қауіпті жұқпалар секілді әлеуметтік маңызы бар ауруларға көмек көрсетуден, сондай-ақ санитарлық авиациядан тұрады. Бүгінгі таңда тізім бекітілген. Бұдан өзге, барлық азаматтар ауруға қарсы алдын ала егуден өтуге құқылы, сонымен қатар 2020 жылға дейін барлық өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, яғни әлеуетті сақтандырылмайтындардың барлығы амбулаториялық-емханалық көмектің барлық кешенін алып, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін болады. Бұл халықтың барлық тобы медициналық көмек алу кезінде еш шектеу көрмеуі үшін жасалып жатыр», - деді Е. Біртанов.

Сондай-ақ ол сақтандырылатын азаматтар үшін сақтандыру пакетіне кіретін медициналық қызметтердің тізімі әзірленгенін хабарлады. Бұл - амбулаториялық-емханалық және тұрақты көмек, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.

«Жалпы, ТМККК және МӘМС пакеттері бастапқыда болмаған бірқатар қызметтерге ұлғайтылды, солардың ішінде паллиативтік көмек, мейірбике күтімі, медициналық оңалту және қымбат тұратын зертханалық зерттеулердің кейбір түрлері бар», - деді Е. Біртанов.