23 сәу, 2020 сағат 21:35

Біртанов: Дәл осы жағдайда әділетсіздікке жол берілмеуі тиіс

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық қызметкерлерді ынталандыру шараларын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Наурыз айында 17,5 мың медицина маманына 3 млрд теңгеден астам сомаға үстемеақы төленді. Әсіресе, өңірлерде әкімдік жанынан құрылған, құрамына облыстың бас санитары, денсаулық сақтау басқармасы, жұмыспен қамту басқармасы, кәсіподақ пен «Nur Otan» партиясының өкілдері кіретін комиссиялар үлкен жұмыс атқарды. Дәл осы комиссия жіберген тізім бойынша төлем жіберіледі», - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында. 

Дерт жұқтыру қаупі жоғары топта наурыз айында 1395 қызметкер (8%), екінші топта - 7081 (41%) және үшінші топта - 8 949 (51%) маман жұмыс істеген. Ең көп қаражат екінші топ дәрігерлеріне жұмсалды - 1,8 млрд теңге (54%), бірінші топқа республика бойынша 717 млн теңге (21%), үшінші топқа – 845 млн ( 25%) теңге төленген. 

«Эпидемияға қарсы шараларға тартылған ең көп мамандар Алматы (3700), Нұр-Сұлтан (1900) және Шымкент (2200) қалаларында тіркелді. Сәйкесінше, үстемеақының басым бөлігі осы қалаларға - Алматыға – 1,2 млрд теңге, Нұр-Сұлтанға – 646 млн теңге, Шымкентке - 360 млн теңге жіберілді. 

«Үстемеақы науқаспен етене жұмыс істеген мерзімге сәйкес төленетіндіктен алғашқы топта орташа төлем 514 мың теңге, екінші топта - 255 мың, үшінші топта - 94 мың теңге болған. Көптеген өңірде науқастар наурыз айының екінші жартысында пайда болды. Инфекция жұқтырған науқастар ертерек анықталған өңірлердің үстемеақысы да көбірек төленді. Мәселен, Алматы қаласында бірінші топ мамандары - 674 мың теңге, Нұр-Сұлтанда – 552 мың теңге, Қарағанды облысында – 438 мың теңге алған. Ал Қостанай мен ШҚО-да наурыз айында бірінші топ мамандарына төлем жүргізілген жоқ. Екінші топ бойынша ең көп үстемеақы Түркістан облысында - 427 мың теңгеден, Нұр-Сұлтан қаласында - 347 мың теңгеден, Павлодар облысында 316 мың теңгеден берілген», - деп түсіндірді министр. 

Сонымен бірге министрдің айтуынша, бүгінге дейін елуден астам дәрігер үстемеақысы толық төленбегеніне, әділ берілмегеніне шағымданған. 

«Әрине, әрбір оқиғаны жеке қарастырып жатырмыз. Бірақ, ең алдымен өңірлердегі әріптестеріме айтқым келеді. Комиссиялар тізім құру кезінде ғана белсенді жұмыс жасамай, тұрақты режимге көшу қажет. Комиссия жұмысын ашық әрі көпке қолжетімді ету керек. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен оның филиалдары қайта есептеу мен қосымша хаттамалар қабылдауға әзір. Дәл осы жағдайда әділетсіздікке жол берілмеуі тиіс - ағаттық кеткен жағдайда, дереу түзетуіміз керек. Менің электронды поштама хат жолдауларыңызға болады Birgemiz@dsm.gov.kz», - деді Елжан Біртанов. 

Айта кетейік, бұған дейін «Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов үстемеақы мен сыйақы алатын медицина мамандарының тізімі қалай жасалатынын айтып берген болатын.