19 қар, 2020 сағат 06:00

Бір күнде 762 адамнан Covid анықталды, ШҚО-да вирус күшейіп тұр

18 қараша күні Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны Covid тестімен (ПТР) расталған 762 науқас тіркелді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Сәрсенбі күні ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Мұнда 252 адамнан коронавирус анықталған. Бір күн бұрын бұл көрсеткіш 230 болған еді. Нұр-Сұлтан қаласында – 81, Солтүстік Қазақстан облысында – 79, Павлодар облысында – 65, Қостанай облысында – 60, Алматы қаласында - 43, Ақмола облысында - 42, Батыс Қазақстан облысында - 40, Алматы облысында - 33, Қарағанды облысында - 20, Атырау облысында - 17, Жамбыл облысында - 10, Шымкент қаласында - 7, Қызылорда облысында - 5, Ақтөбе облысында адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Өткен тәулікте барлық облыс пен қалада науқас анықталған. Ең төменгі көрсеткіш Маңғыстау облысы (2), Түркістан облысында (2) тіркелген. 

Елде наурыз айынан бері вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталғандар 123 097 адамға жетті: 110 мыңнан астамы жазылған. 9 мыңнан астамы емделіп жатыр, 1959-ы қайтыс болған. 

Covid жөніндегі ұлттық статистикаға есебі 1 тамыздан бері жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясы статистикасы (коронавирустың ПТР тестімен расталмаған кейстері) қосылмаған. 18 қарашадағы дерек бойынша, пневмонияның бұл түрі тамыздан басынан бері 40 488 адамнан анықталған, 28 мыңы жазылған, 421-і қайтыс болған.