Ауа райының суытуына байланысты Қазақстан жолдарында көлік апаты көбейді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бір аптада жалпы саны 209 жол-көлік оқиғасы орын алды, салдарынан 40 адам қаза тауып, 235 адам жарақат алды. Суық түскен кезеңде жол үстіндегі қозғалысқа аса мұқият қараған жөн. Қауіпсіздік мақсатында Ішкі істер министрлігі алыс сапарларды ауа райы жағдайына қарай жоспарлауға шақырады. Тұман мен боран болжанған күндері қала сыртына шықпауға кеңес береді», - деді Нұрділдә Ораз әлеуметтік желіде өткен онлайн брифингте.
Сонымен бірге, ресми өкіл бір аптада жалпы саны 3424 қылмыс тіркелгенін атап өтті. Полицейлердің жедел әрекет етуі нәтижесінде 2198 қылмыс ізі суымай ашылды. Оның ішінде19 адам өлтіру, 38 тонау және 513 ұрлық фактілері әшкере болды.