28 ақп, 2020 сағат 10:38

Биопрепараттар сапасы жөнінде тәуелсіз мекеме қажет - сенатор

Кооперативтерге жағдай жасау ауадай қажет. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінде жеке қосалқы шаруашылықтардың мәртебесіне арналған нормативтік-құқықтық база құру, кооперативтерге жағдай жасау ауадай қажет. Бұл ең алдымен, өнімдерді делдалсыз өткізуге жол ашады. Қазіргі уақытта өндірілген өнімді дайындау, бастапқы өңдеу, өңдеуші кәсіпорындарға жеткізудің жүйесі жоқ. Сонымен қатар, сервистік қызметтер, яғни агрохимия, ветеринария, фитосанитария, мелиорация және басқаларының деңгейлерінің тым төмендігі – саланың өсуін тежеуші факторлардың бірі. Бұл проблемалардың оң шешім табуы – табыс деңгейіне, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпал етері сөзсіз», - деді депутат Сенатта агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда.

Оның атап өтуінше, мал шаруашылығындағы мақсатты индикаторларға қол жеткізу ветеринарлық ахуалға тікелей байланысты. Саладағы біраз мәселелер агроөнеркәсіп кешенін реттеу жөніндегі заңда қаралды. Дегенмен, шаруашылықтарда мамандар жетіспеуде, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен кейінгі 3 жылда тек 254 мал дәрігері жұмысқа орналасты. Жыл сайын 3,5 мың маман дайындалса, оның 20 пайызы ғана ер балалар.

«Аса қауіпті ауруларға қарсы препараттар тек соңғы 3 жылда 12 млрд теңгеге шетелден сатып алынған. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік биокомбинаттың болуының стратегиялық маңызы зор.

Биопрепараттар сапасы жөнінде тәуелсіз мекеме қажеттігі депутаттық сауалда да көтерілген болатын. Эпизоотиялық ахуал, мемлекеттік сатып алу, азық-түлік және биологиялық қауіпсіздікті реттеу бойынша ұсыныстар Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан назарға алынып, қарастырылуы тиіс», - деді Д. Мусин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Дүйсенғазы Мусин ауыл шаруашылығында субсидиялау ережелерінің жиі өзгеруі саланың дамуына кері әсерін тигізіп жатқанын айтты.