Коронавируспен ауырған адамның ағзасы ерте қартаюы мүмкін. Мұндай жағдайда адамның аурудың жеңіл не ауыр түрімен ауырғанына қарамайды, деді Джордж Мейсон университетінің жүйелік биология мектебінің профессоры Анча Баранова РИА Новости ақпарат агенттігіне.
Оның айтуынша, қарашада коронавирус инфекциясының жеңіл әрі ауыр түріне шалдыққан науқастарды тексерген дәрігерлер қорытынды жариялады.
"Науқастардың барлығы емді амбулаториялық жағдайда қабылдады. Бірақ арасында ауруханаға жатқызылғандар да болды. Ең әлсіз түрімен ауырып шыққан науқастардың 70%-інде кейбір ішкі ағзалардың патологиясы байқалды. Алайда бұл жүрек патологиясы емес, негізінен, майлы гепатоз (бауыр зардап шегеді) және ұйқы безі тінінің майлы дегенерациясы болды", - деді ол.
Оның айтуынша, әдетте мұндай диагноз 60 жаста қойылады. Ал коронавируспен ауырған адамдарда 40 жаста байқалады.
Баранова коронавирус адамдардың қартаюын тездетеді деп отыр. Сонымен қатар маман мұндай зерттеулер көп жасалуы керек деп санайды.