ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК (БҚПҒЗИ) ҚР ӘМ «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК-ға (KAZPATENT) COVID-19 алдын алуға арналған вакцинаны және коронавирустық инфекция штаммын әзірлеу жөніндегі екі патенттік өтінім берді.
Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің ресми сайтында хабарланды.
Қазіргі таңда екі өтінім де KAZPATENT-тің формалды сараптама кезеңінен өтті.
«Күні бүгінге дейін БҚПҒЗИ ғалымдары патент алу үшін екі өтінім берді:
1. 2020 жылғы мамыр айында - «COVID-19 алдын алу үшін әсерсіздендіретін вакцинаны алу тәсілі»;
2. 2020 жылғы тамыз айында - «COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакциналардың ерекше профилактикалық құралдарын әзірлеу, лабораториялық диагностикалау және биологиялық қорғанысының тиімділігін бағалау үшін қолданылатын COVID-19 коронавирустық инфекциясы вирусының «SARS-CoV-2/KZ_Almaty/04.2020» штаммы».
«Қазіргі кезде өтінімдер мәні бойынша сараптама кезеңінен өтуде. Сараптаманың нәтижесі оң болған жағдайда өнертабыс патенттеледі» - деп хабарлады KAZPATENT директоры Ермек Қуантыров.
Патент өнертабыстың патентке қабілеттілігін, атап айтқанда, «жаңалық», «өнертабыстық деңгейге жеткендігі», «өнеркәсіпте қолдануға жарамдылығы» шарттарына сәйкес келуін тексеретін сараптаманың нәтижелері бойынша беріледі.