Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жатақхана салған кезде дайын типтік жоба бойынша жұмыс жүргізуі керектігін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жатақхана бойынша типтік жобалар баяғыдан бар. Әйтсе де, кейбір ЖОО-лар қымбат эскиз бен жобаларды әзірлеп алып, қаражат сұрап, инвесторларды іздеп жүр. Кейбір ЖОО-ның сұрап отырған жатақханаларының бір орындық бағасы тіпті пәтер құнынан қымбат. Олай болуы мүмкін емес! Интерьерлік және басқа безендіру бәрі де санитарлық нормаға сай болуы керек. Әлбетте ешкім бұл жерде ақша үнемделуі тиіс деп отырған жоқ. Десе де ең алдымен біздің типтік жобалар бойынша жұмыс жүргізу керек», - деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің аппараттық отырысында.
Министр мектеп құрылысы бойынша да осындай ескерту жасады.
«Мектеп бойынша мониторинг жасау керек. Осылай жұмыс жүргізіп жатсақ, тағы біреулері 600, 900 орындық мектеп салынуы керектігін хабарлайды. Ал ол жерде 1200 орындық мектеп салуға мүмкіндік бар. Арада 3 ай өткеннен кейін дәл сол жерде оқушылардың үш ауысыммен оқып жатқанын көреміз. Жер мен коммуникация бар. Ендеше неліктен сол жерден бірден үлкен мектеп сала салмадық. Жоқ! 300 немесе 600 орындық салып жатады, бәрібір. Барлық құрылыс жұмыстары әу баста мақұлдануы керек», - деді министр.