Қазақстанның білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев орыс тіліндегі жаңа оқулықтарға ата-аналардың айтқан сынына жауап берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". Айта кетейік, ата-аналар оқулықтардағы слэнгтерге қатысты теріс пікір бідірген еді.
"Орыс тілі оқулықтарына қатысты айтар болсам, біздің балаларымыз 11 жыл білім алу барысында грамматиканың үлкен көлемін үйренеді және классикалық әдебиетті жеткілікті деңгейде біліп шығады. Ал бағдарламаның аз бөлігінде заманауи орыс тілін берсек, бұдан жаман болмайды. Оқулықты құрастырғандардың ісін құптаймын, бағдарламаның аз бөлігі орыс тілінің жаңа бағытын қолдануға, жаңа формаға арналуын қолдаймын. Бала алатын үлкен көлемдегі классикамен бірге оның кең сыни түсінігі мен орыс тілінің қолданылуын білетін болады", - деді министр Астанадағы орта мектептердің бірінде сөз сөйлегеннен кейін.
Оның пайымынша, біз балаларды өткенге емес бүгінгі күнге, болашаққа дайындаймыз. Сондықтан оқулықтың мазмұнындағы шамалы өзгерістерге шошына қараудың ешқандай қисыны жоқ.
Сағадиев жаңа оқулықтарды құрастырушыларға түсіністікпен қарауға шақырды. "Бұл тұрғыда сабырлы болу керек. Балаларды, меніңше, біз өткен шаққа емес, бүгінгі өмірге дайындап жатырмыз. Ал "пиаршы" сияқты сөздерге келетін болсақ, орыс тілінде 50 мыңнан аса кірме сөз бар. Күн сайын жаңа сөздермен байып жатырмыз, бір кездері орыс тілінде "история" сөзі history сөзінен келген, сол сөз қолданыла бастағанда да жақтырмағандар болған. Сондықтан мұнда қате жоқ, балаларымыз заманауи терминологияны, тілдік қатынастың барлық формасын білуі тиіс, бұған дайын болсын, оның үстіне бұл сөздерді өздері де қолданып жүр", - деді министр.