27 сәу, 2020 сағат 10:53

Билік карантин режимін кезең-кезеңімен босаңсытуға ниетті - Ерлан Қарин

Билік карантин режимін біртіндеп және кезең-кезеңімен босаңсытуға ниетті. Тек індеттің геометриялық прогреспен өршуіне жол бермілмеуі тиіс. ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин осылай мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекет басшысы коронавируспен күрестің жаңа тәсілдерін жария етті. Биліктің шұғыл әрі табанды іс-әрекетінің, қаңтар айынан түрлі түрлі шараларды енгізуінің арқасында індеттің жаппай таралуына жол берілген жоқ. Енді індеттің геометриялық прогреспен өршуіне жол бермей, билік карантин режимін біртіндеп және кезең-кезеңімен босаңсытуға ниетті», - деп жазады Президент кеңесшісі Telegram парақшасында. 

Оның атап өтуінше, коронавирустың жаңадан таралуына және жұқтыру ошақтарының пайда болуына жол бермеу үшін төтенше жағдай режимін бірден алып тастап, карантинді жеңілдетуге болмайды. 

«Сондықтан билік бір жағынан жедел әрі табанды әрекет етсе, екінші жағынан елдегі және өңірлердегі жалпы жағдайға байланысты түрлі тәсілдерді икемді қолданып отыр. Бұған қоса, карантинді ішінара жеңілдету коронавирустың таралу қаупін бағаламауға алып келмеуі тиіс. Жаңа вируспен күрес әлі де жалғасып жатыр», - деді Қарин.