Теміржолдағы заңсыз жолаушы тасымалын тоқтату үшін Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қаласында ілкі жоба іске қосылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жоба бойынша қолында билеті жоқ жолаушылар перронға жіберілмейтін болады. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтің айтуына қарағанда, осы арқылы билет алмаған жолаушылардың жолсеріктермен келісуіне тосқауыл қойылмақ.
«Биыл ілкі жоба бойынша елордадағы «Нұрлы жол» вокзалы мен Қарағанды вокзалының перрондарына билетсіз адамдардың жақындауына шектеу қойылады. Мұндай бастаманы бұрын да көтергенбіз. Алайда қоғам тарапынан көптеген наразылықтар болған. Бұл бастаманы құқық қорғау органдары да қолдап отыр. Біз де дұрыс деп санаймыз. Тым болмағанда ірі вокзалдардың перрондарына осындай шектеу қойып бастау қажет», – деді ол.
Ол сондай-ақ, «Тальго» пойызында жолсеріктерден зәбір көрген жолаушыға «Қазақстан темір жолы» тарапынан қандай жағдайда моральдық шығын төленетінін айтты.
Еске салсақ, автомобиль жолдары мен көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне арналған кеңесте Қанат Әлмағамбетов елімізде әйелдерге арналған жеке вагондар іске қосылмайтынын айтқан болатын.
Аталмыш кеңесте ҚР Бас көлік прокурорының міндетін атқарушы Жасұлан Еламанов теміржол билеттерін сатуға арналған Mobius жүйесі заңсыз билет айналымына тосқауыл бола алмағанын атады.