06 жел, 2017 сағат 12:20

Білектің күшімен емес, ақылмен ақша табуды үйренейік - Назарбаев

Білектің күшімен кенді қазып, далаға шығаратын қазақ болмай, ақылмен ақша табудың жолына түсейік. Бұл туралы бүгін «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Индустрия, инновация деген нәрсе әркім «жасаймын» дегеннен кейін жасалмайды. Ол үшін тиісті қаражат керек. Ол үшін мамандар  керек. Ол үшін мемлекет дайын болуы керек. Мінекей, біз 2010 жылы ғана дайын болдық. 2008-2009 жылдардағы дүниежүзілік дағдарыстан, қаржы дағдарысынан, экономикалық дағдарыстан шықтық. Мұнайдың бағасы барреліне 10 долларға түскенін де көрдік. Ол ары-бері ауытқып тұратындығын да көрдік. Шикізат бағасының бір орында тұрмайтындығын, кейде көтерілетіндігін, кейде түсетіндігін көрдік. Ал адамның өмірі ондай емес қой. Бүгін біз халыққа, мысалы 300 мың теңге жалақы төлейтін болсақ, ертеңгі күні «мұнайдың бағасы төмендеді» деп 100 мың теңге бере алмаймыз ғой. Зейнетақы да солай. «Мұнай төмендеп кетті, сендерге зейнетақыны үш есе азайтып береміз» деп айта алмаймыз», - деді Қазақстан Президенті.

Сондықтан Мемлекет басшысы мұнай мен газдың аумалы-төкпелілігін төмендету үшін не істеу керектігін айтты.

«Бүкіл әлемдегі сияқты екінші экономика жасауымыз керек. Өздеріңіз қарап отырсаңыздар, алдыңғы қатарлы мемлекеттерде, Оңтүстік Кореяда мұнай мен металл тұрмақ 1 түйір көмір де жоқ. Сингапурда қандай көмір, темір, мұнай-газ бар? Швейцарияда, Германияда не бар? Бірақ ақылмен, оймен алдыңғы қатарлы елдердің легінде болды. Сондықтан біз білектің күшімен жерді қазып, қопарып, кенді далаға шығаратын қазақ болмай, жұрт сияқты ақыл-оймен, парасатпен ақша табуымыз керек. Мен көрген Израильде, Тель-Авивте тұрған зауыт осы біз отырған кішентай зал сияқты. Жыл сайын 10 млрд доллар ақша табады... Біз кең даламызда кеннің бәрін қазып, шығарып, қатырып жатырмыз деп ойлаймыз. Сондықтан біз қиын болса да индустриялық бағдарламаны қолға алдық. Бұл біздің болашағымыз. Бұл - еліміздің өркендеген мемлекеттер қатарына қосылу жолы. Бұл - біздің кадрларды дайындаудың мәселесі. Ендеше, жастарды басқаша жұмыс істеуге дайындау керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл - қазақтың болашағы. Осыны еске алып, жолға түсуіміз керек. Бірақ не болса соны жасамай, керекті, бәсекеге қабілетті дүниелерді шығаруымыз қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.