10 қыр, 2021 сағат 16:44

БҒМ: 7 облыс пен 1 қаладағы мектептерде жылы дәретхана көрсеткіші 100%-ға жетпейді


ҚР Білім және ғылым министрлігі мектептерге байланысты тапсырмаларды орындамаған тұлғаларға қатысты шара қабылдау үшін бірқатар өңірдің әкімдігіне хат жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәлімдеуінше, мәселе мектеп ауласындағы дәретханаларға қатысты сұрақтарды шешу және бейнебақылау камерасы, дабыл батырмасы және қауіпсіздік жүйелесінің басқа элементрімен қамтамасыз етуге қатысты.

«Мектептерді қаржыландыру функциялары, олардың құрылысы және қажетті жағдай жасау, оның ішінде санитария, қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз ету мәселелері заң жүзінде әкімдіктің құзырында екенін атап өткен жөн», делінген хабарламада.

Оқу жылының басталуы қарсаңында министрлікке қарасты Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің қызметкерлері еліміздің барлық облысы мен қаласындағы әкімдіктерге ведомстволық бағынышты мектептерді тексерді. 

«Инспекция барысында Түркістан, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарындағы және Шымкент қаласындағы мектептерде жылы дәретханалармен қамтамасыз ету бойынша көрсеткіштің 100%-ға жетпейтіні анықталды. Бұған дейін Үкімет оқу жылының басында мектеп ауласындағы барлық дәретхананы жою міндетін қойған болатын», делінген хабарламада. 

Сонымен қатар пайдаланылатын жылы дәретханалардың эпидемиология талаптарына сәйкестігі бойынша да сұрақтар туындаған. 

«Атап айтсақ, жабық кабина, қолды жуу және кептіруге арналған құрал-жабдықтың болмауы жөніндегі және тағы басқа талаптар. Осындай мәселелерді шешу үшін ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті санитария ережесіне өзгеріс енгізді», делінген хабараламада.

Жергілікті атқарушы органдар қысқа мерзімде 2 600-ден астам жылы дәретхана салынған. 

«Сонымен бірге Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында бейнебақылау камераларын орнату бойынша мәселелер толық шешілмеген», - деп мәлімдеді ведомстводан.