22 жел, 2025 сағат 15:51

Бейжіңнен Римге дейін: 2025 жылғы мәдениет саласындағы айтулы оқиғалары

Фото: ҚР МАМ

2025 жыл Қазақстан үшін мәдени дипломатия тұрғысынан мазмұнды әрі нәтижелі болды. Елдің рухани әлеуетін әлемге таныту бағытында бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асты, деп хабарлайды Ult.kz.

Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығы ашылып, ол өнер, тіл және мәдени алмасуға арналған ірі алаңға айналды. Орталықта көрме, білім беру және ағартушылық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып, бүгінге дейін 2000-нан астам адамды қабылдады. Бұл жоба Мемлекет басшысының мәдени дипломатияны күшейту жөніндегі тапсырмаларына толық сәйкес келеді.

2025 жылғы айтулы мәдени оқиғалардың бірі – көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы. Атаулы дата ЮНЕСКО-ның 2024–2025 жылдарға арналған халықаралық деңгейде атап өтілетін мерейтойлар тізіміне енді. Ұйым композитордың қазақ дәстүрлі музыкасын фольклорлық мұра және заманауи бағытпен үйлестіре білген кәсіби шеберлігін жоғары бағалады.

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Рим қаласында ұлы ақынның ескерткіші орнатылды. Бұл бастама Италия жұртшылығының үлкен қызығушылығын тудырып, Қазақстан мен Еуропа арасындағы мәдени байланысты нығайтты. Сонымен қатар Қырғызстанның Ош қаласында Абай атындағы көше, ескерткіш және музей ашылды. Бұл шаралар қазақ ойшылының түркі әлеміндегі ортақ рухани мұра ретіндегі орнын айқындай түсті.

Армениядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақтың салтанатты ашылуы өтті. Аталған жоба Қазақстан Президентінің Арменияға ресми сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде жүзеге асты. Сондай-ақ тамыз айында Қазақстан мен Қырғызстан президенттерінің қатысуымен Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіш ашылып, ол екі ел арасындағы рухани және әдеби бірліктің символына айналды.

Биыл Ақтау қаласына Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесі берілді. Ақтау жиырмадан астам елдің мәдениет өкілдерін қабылдап, фестивальдер, көрмелер, конференциялар мен шығармашылық жобалар өткізді.

Сонымен қатар 2025 жылы Армения мен Ресейде Қазақстанның мәдени күндері ұйымдастырылса, елімізде Вьетнам мәдениетінің күндері өтті. Мұндай шаралар халықаралық мәдени байланысты нығайтып, Қазақстанға деген шығармашылық қызығушылықты арттыра түсті.

Қазақстандық театрлар да жылды табысты қорытындылады. «Астана Опера» театрының шетелдік гастрольдері аншлагпен өтіп, өнер ұжымы әлемнің жетекші сахналарында жоғары бағаланды. Театр солисті Нұрсұлтан Әнуарбек әлемдік опера өнеріндегі ең беделді жобалардың бірі саналатын Үлкен театрдың Жастар бағдарламасына конкурстық негізде қабылданды.