Фото: ашық дереккөз
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы мәдени жетістіктер мен халықаралық сахнада ел намысын қорғаған өнерпаздардың табысты өнерін қорытындылады, деп хабарлайды Ult.kz.
6 мамыр күні Астанада Вьетнам Мәдениеті күндеріне арналған Гала-концерт өтті. Кешке екі елдің өнерпаздары қатысты. Сахнада Қазақстанды әлемге танытқан, ерекше дауыс иесі Димаш Құдайберген өнер көрсетті.
Алматыда Жамбыл атындағы филармонияның 90 жылдығына арналған «XX25» фестивалі өтті. Бұл кешке академиялық сахна жұлдыздары жиналды. Олардың қатарында әлемге әйгілі скрипкашы, халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы Ержан Құлыбаев та бар.
Әйгерім Алтынбек – халықаралық байқаулардың лауреаты, «Қазақконцерт» ұжымының солисі, опера жұлдызы. Маусым айында ол Миландағы Ла Скала академиясына оқуға түсіп, бірнеше аптадан кейін-ақ Помпейдегі концертте Андреа Бочеллимен бірге сахнаға шықты.
Қытайда өткен ШОС фестивалінде Қазақстан атынан екі өнерпаз қатысты. Олар – «Дарын» сыйлығының лауреаты, көпшіліктің сүйікті әншісі атанған SADRADDIN және халықаралық байқаулардың жеңімпазы, ерекше қуатты дауысымен көзге түскен Рухия Байдүкенова.
«Славян базары» халықаралық фестивалінде Қазақстан атынан Жетісу филармониясының солисі Алмагүл Батталиева өнер көрсетті. Дарыны мен кәсіби шеберлігінің арқасында ол «Вечность» әнін тамаша орындап, байқаудың Гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Жамбыл облысынан келген 13 жастағы Мирас Нағашыбай жас таланттарға арналған халықаралық байқауда көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ол қазақтың толғауы «Күлдір-бүлдірді» орындап, қазылар алқасын тәнті етті. Өнерпаз бірінші орын мен арнайы номинацияға ие болды.
Мария Мудряк – әлемдік деңгейдегі қазақстандық опера әншісі. Шілде айында ол Бейжің мен Сиань сахналарында «Фигароның үйленуі» операсындағы графиня Альмавиваның партиясын алғаш рет орындайды.
Әmre лақап атымен танымал Ернар Садырбаев – еліміздегі әмбебап вокалистердің бірі. Ол – Pop, классика және латын музыкасының ырғақтарын ұштастыра алатын нағыз дарын иесі. Әнші Қазақстан атынан Ресейде өтетін «Интервидение-2025» финалында өнер көрсетеді.
Алдағы күзде «ZHULDYZDY ZHOL 2025» атты ұлттық музыкалық жоба басталады. Бұл сайыс – жас музыканттар үшін шеберлігін шыңдап, елге танылуға мүмкіндік береді. Жеңімпаздар еліміздің және шетелдік үздік оқу орындарында білім алуға гранттар, стипендиялар ұтып, беделді сахналарда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.
Осылайша, отандық өнерпаздар талай көрерменнің жүрегінен орын алып, қазақтың үнін, болмысы мен өнерін әлемге паш етіп келеді.
