10 там, 2021 сағат 22:26

Бейжіңде Абай оқулары өтті


Абай күнін мерекелеу аясында Бейжіңнің орталық «Чаоян» саябағындағы «Цзиньтай» мұражайында Абай оқулары өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шара әйгілі қытай мүсіншісі Юань Сикун жасаған, 2014 жылдың наурыз айында Бейжің орталығындағы «Чаоян» саябағында орнатылған Абай ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. 

Абай оқуларын ҚХР Сыртқы істер министрлігінің, Мәдениет және туризм министрлігінің, Қытай Халық шет елдермен достық қоғамының, ШЫҰ Хатшылығының, Қытайдағы ТМД елдері дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, Қазақстан және Қытай студенттері тыңдады. 

ҚР-ның ҚХР-дағы елшісі Ғабит Қойшыбаев өз сөзінде Абайдың шығармашылығы, оның қазақ философиясы мен әдебиетінің қалыптасуындағы рөлі туралы қысқаша айтып берді.

«Осыдан жеті жыл бұрын Бейжіңнің қақ ортасында ұлы ақын Абайға ескерткіш орнатылған еді. Бұл айтулы оқиға екі жақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықта маңызды із қалдырып, Қытай жұртшылығын қазақ әдебиетінің классикасымен таныстыруға жасалған тағы бір қадам болды», - деді ол.

Дипломат Абайды қытай тіліне алғашқы болып дарынды аудармашы Ха Хуанчжан аударғанын еске салды. Абай шығармаларын қытай тіліне аударуға атақты жазушы және әдебиеттанушы Акбар Мәжит үлкен үлес қосты. Өз кезегінде қытайлық мүсінші Юань Сикунь соңғы жылдары Бейжіңдегі Абай ескерткішіндегі Абай оқулары жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті.

«Жыл сайын мұнда Абайдың классикалық өлеңдерін оқу үшін Қазақстан мен Қытайдан жастар жиналады», - деді ол. 

«Қытай жазушылары» баспа тобы Бас басқармасының басшысы Акбар Мәжит бұрын Абай қазақ даласының ұлы болғанын, оның шығармаларын әлемнің 47 тіліне аударғаннан кейін Абай әлемге танымал болғанын атап өтті. Сондай-ақ, Акбар Мәжит Қытайда Абайдың еңбектері мен қара сөздері 1950 жылдардан бастап қытай тіліне аударылып келе жатқанын тілге тиек етті. 

Қазақ тілін үйреніп жүрген қытайлық білім алушылар мен Қытайдың жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақстандық жастар Абай шығармаларынан үзінділер көрсетіп, қазақстандық дипломаттардың балалары қазақтың танымал музыкалық композицияларын орындады.