05 жел, 2023 сағат 13:37

Бейсембаев оқушылардың смартфон ұстауына қатысты пікір білдірді

Фото: CC0 / William Iven /

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушыларға сабақ үстінде ұялы телефон пайдалануға тыйым салу туралы нормаға қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министр мектеп оқушыға сапалы білім мен саналы тәрбие беруі керек екенін атап өтті.

"Сондықтан бала сабақ барысында мұғалім беріп жатқан материалды толық меңгеріп, өзінің білімін шыңдауы керек. Бүгінгі күні біздің балаларымызды осы смартфондар алаңдатыны белгілі. Жалпы бұл - бүгінде ата-аналардан, педагогтерден келіп түскен көптеген өтініш пен шағымның нәтижесінде қабылданып отырған шара. Тағы да шегелеп айтамын: бұл - сабақ барысында ғана оқушылардың смартфонды мұғалімнің рұқсатынсыз пайдалануға болмайтыны туралы заң", - деп түсіндірді Бейсембаев үкіметте өткен брифингте.

Айтуынша, сабақ аяқталған соң, үзілісте оқушы ата-анасына қоңырау шалып, сөйлесе алады.

"Бұл тек сабақ барысындағы шектеу деп қабылдау керек", - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, 30 қарашада Мәжілісте оқушылардың сабақ үстінде телефон пайдалануына тыйым салуды көздейтін заң қабылданды.