Елімізде талқыланып жатқан бейбіт жиындар туралы заң жобасы қоғамның дамуы бір қадам алға жылжығанын көрсетеді. Бұл туралы «Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрағасы Жұмағали Білісбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі заң жобасының бұрынғысынан ерекшелігі, әр түрлі митингке шақырған кісілердің құқықтары мен оған қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қарастырылған. Жергілікті тұрғындарға да зиян келтірмеу сияқты мәселелер де қаралған. Дегенмен митинг өткіземін деушілердің өтінішін қабылдайтын, оларға жауап беретін бір өкілетті орган құру керек деп есептеймін. Ол орган құрамында қоғам қайраткерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болғаны дұрыс. Топ мұшелері бірге ақылдаса отырып, митингке шыққысы келетіндердің мәселелері қандай алаңда, қандай деңгейде талқылануы керектігін анықтай алады»,- дейді Жұмағали Білісбеков.
Қауымдастық төрағасы заң жобасына қатысты ұсыныстарын да білдірді.
«Заң жобасында митинг өткізетін тұлғалардың жауапкершілігін алдын ала белгілеп алу керек. Сондай-ақ қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол ережесін бұзбау, инфрақұрылым мен санитарлық нормаларды сақтауды енгізу қажет. Біз қауымдастық тарапынан өз ұсыныстарымызды жолдадық»,- дейді Жұмағали Білісбеков.