Қазақстанда бейбіт жиналыс түрлеріне нақты түсініктеме беріледі. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қолданыстағы заңнама кемшіліктерінің бірі - бейбіт жиналыстардың формасын нақты регламенттеудің болмауы. Осыған орай заң жобасында ұғымдық түсініктеме белгілеу ұсынылады. Бұл бейбіт жиналыс, жиын, ереуіл, жиналыс, шеру сынды негізгі түсініктерді қалыптастыруға және олардың арасын жіктеуге мүмкіндік береді», - деді Мәжілісте «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына таныстырған Дәурен Абаев.
Оның атап өтуінше, заңнамада ереуіл, жиын, жиналыс түріндегі бейбіт жиналыстарды өткізу үшін ескерту тәртібін енгізу жоспарланған.
«Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар тарапынан бейбіт жиналыс өткізуге жауап болмаған жағдайда ол келісім беру деп саналады. Дегенмен шеру, жиын түріндегі бейбіт жиналыстарды өткізу үшін жергілікті атқарушы органдардан келісім алу қажет. Сонымен қатар заң жобасында бейбіт жиналыстар өткізу үшін балама орын ұсыну құқығы қарастырылатын болады», - деді министр.