22 мам, 2019 сағат 12:33

Бейбіт Атамқұлов Бішкекте Қытайдың Сыртқы істер министрімен кездесті

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ШЫҰ СІМК) отырысына қатысу қарсаңында ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан мен Қытай сыртқы саяси ведомстволарының басшылары саяси, сауда-экономикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастық, сондай-ақ көпжақты құрылымдардағы өзара ықпалдасу мәселелерін талқылады.

ҚР СІМ басшысы биылғы жылдың 25-28 сәуірде сәтті өткен «Бір белдеу, бір жол» 2-ші Халықаралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарының маңыздылығын атап өтті.

Осы форумда Елбасы Н.Назарбаев әлемдік қоғамдастыққа геосаяси ахуалдың «Үш Д» үлгісін ұсынды және қытайлық тарапты оны жүзеге асыру үшін одан әрі жан-жақты қолдауды сұрады.


Ван И биыл 14-16 мамырда ҚКП Орталық комитеті Тұрақты комитетінің мүшесі, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хан Чжэннің Қазақстан мен Қытай 2-ші Өңіраралық ынтымақтастық форумына және 12-ші Астаналық экономикалық форумына қатысу үшін Қазақстанға сапарын ойдағыдай өткізілгені үшін алғыс айтты.

Қытай СІМ басшысы Қазақстанда алдағы уақытта өтетін президенттік сайлаудың табысты болатынына сенім білдірді.

Қытайлық тарап «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асыруда Қазақстанның жетекші рөлін ерекше атап өтіп, оны «Нұрлы жол» ЖЭС-пен терең ұштастыру арқылы өзара көлік байланыстарын көтеруді, сондай-ақ оны ілгерілетуде екі елдің көшбасшылығын сақтауды ұсынды. Бұл өз кезегінде, біздің елдер арасында цифрлық экономиканы дамыту, цифрландыру, жоғары технологиялық, инновациялық және электрондық коммерция саласындағы жаңа жобалардың санын арттыру бойынша индустриялық-инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.


Ван И Қытай Қазақстанмен көпжақты күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер бойынша да өзара тығыз ынтымақтастыққа, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев құрудың басында тұрған ШЫҰ, АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінде тиімді үйлестіруге мүдделі екенін атап өтті.

Сыртқы саяси ведомстволарының басшылары екі елдің ШЫҰ-да бірқатар бастамаларына өзара қолдауды атап өтті, атап айтқанда ШЫҰ Даму банкін құру, ұлттық валютадағы өзара есеп айырысу үлесін ұлғайту, транзит-көліктік әлеуетін пайдалану және т.б.


Тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша тұрақты байланыстар мен қолдауды жалғастыруға келісті.