19 мам, 2020 сағат 12:55

Бейбіт Атамқұлов «Азия Авто» АҚ төңірегіндегі мәселені түсіндірді

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «Азия Авто» АҚ төңірегіндегі мәселені түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2010 жылы маусымда «Азия Авто» АҚ өнеркәсіптік автокөлік құрастыру туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім бойынша 7 жылда - 2017 жылдың 1 маусымында олар міндетті түрде инвестиция салып, технологиялық дәнекерлеу және көлік шанағын бояу өндірісін ашады деген шарт болды. 2017 жылы бұл міндеттемелер орындалмады. Одан бөлек, 2012 жылғы желтоқсанда «Азия Авто Қазақстан» АҚ-мен 2019 жылдың 1 желтоқсанынан бастап дәл осы міндеттемелерді орындау туралы келісімге қол қойылды. «Азия Авто» және «Азия Авто Қазақстан» АҚ өз міндеттемелерін орындауға дайын еместігін ескере отырып, 2017 жылдың басында олар министрлікке жүгініп, 2019 жылдың 1 желтоқсанына дейін өнеркәсіптік құрастыру туралы көпжақты келісім жасасуды сұрады. Осылайша, министрлік бұл кәсіпорынға бірнеше рет қарайласып келді», - деді министр Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында. 

Министрдің айтуынша, биыл 1 сәуірде «Азия Авто» және «Азия Авто Қазақстан» ұсынған есептен кейін олардың дәнекерлеу мен көлік шанағын бояу міндеттемелерін орындамағаны анықталды. 

«11 сәуірде министрлік бұл кәсіпорындарға кемшіліктерді жою туралы ескерту жіберді. Бір ай ішінде ескертуді орындамаса, бұл келісімшарттардың бұзылуына және басымдықтардың тоқтатылуына негіз бола алады. Бұл келісімде өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімнің шарттарын орындаудан басқа жол жоқ. Сонымен бірге, келісімнің бұзылуынан кейбір БАҚ пен әлеуметтік желілерде хабарланғандай, кәсіпорын жұмысы тоқтамайды. Кәсіпорындар өз міндеттемелерін орындағаннан кейін министрлік келісім жасау мен басымдықтар беру мүмкіндігін қарастыруға дайын», - деді Б. Атамқұлов.